Биыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көрсеткен 34 миллион мемлекеттік қызметтің 66% электрондық нұсқада ұсынылған. Бұл туралы Дәурен Абаев Мәжілістің пленарлық отырысында мәлімдеді. Ақпарат және коммуникация министрі депутаттарға «100 нақты қадам» ұлттық жоспары аясында мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселесін баяндады. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда электрондық үкімет арқылы 190 млн. электрондық қызмет ұсынылғанын атап өтті.
Бүгінгі таңда Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мүдделі органдармен бірге мемлекеттік қызметтерді көрсету процессін оңтайландыру, соның ішінде оларды электрондық нұсқаға өткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Абаевтың айтуынша, үшінші жаңғыру аясында мемлекеттік қызметтерді көрсету саласын да түбегейлі реформалар күтіп тұр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бағыттарының бірі – азаматтар мен бизнеске мемлекеттік қызметтерді цифрлық нұсқада ұсыну. Мысалы, қазір ҚР жер қоры мен барлық жылжымайтын мүлік нысандары туралы көп мақсатты ақпараттық деректер базасы ретінде Жылжымайтын мүліктің бірыңғай кадастрі (ЖМБК) ақпараттық жүйесін жасау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл деректер базасының тұтастығына – мәліметтердің жылдам жаңартылып, толық және нақты болуына, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алуға және азаматтар мен кәсіпкерлер үшін ашық карта жасауға жағдай жасайды», - деді министр.
Сондай-ақ, Абаев жуырда Астанада мемлекеттік қызметтерді алу үрдісі толықтай автоматтандырылған Digital-ХҚКО іске қосылатынын және онда ХҚКО операторлары болмайтынын айтты. Цифрлық ХҚКО ашылуы мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа нұсқасына өту кезеңі болмақ. Ол жерде азаматтар өз бетінше қоғамдық қолжетімділік орындары, «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары және мемкорпорацияның арнайы стенд-павильондарындағы планшеттер арқылы электрондық өтініштер береді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің проактивті принципін толықтай электрондық нұсқада жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай жағдайда адамдардың арнайы келуі де қажет болмайды. Мысалы, бала туғанда, ата-анасына туу туралы куәлік алу үшін баланың аты-жөнін, жәрдемақылар тағайындау үшін шот нөмірін және балабақшаға кезекке қою үшін мекен-жайын көрсету ұсынысымен автоматты түрде SMS-хабарламалар келеді. Өтініш беруші мемкорпорацияға мемлекеттік қызмет нәтижесін алып кетуі үшін ғана келеді немесе үйге жеткізу қызметіне тапсырыс бере алады.
Айта кету керек, экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің төрағасы Нұртай Сәбилянов өз баяндамасында цифрлық технологиялар мемлекеттік қызметтерді дамыту саласындағы мақсат-міндеттерге қол жеткізудің негізгі құралы мен қозғаушы күші екенін атап өтті. Бұл орайда мұндай реформаларды азаматтардың қолдап, қабылдауы өте маңызды екендігін естен шығармау керек.
Анықтама:
2017 жылғы 10 айда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы
34,2 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 22,7 млн (66%) – электрондық нұсқада.
41 035 қызмет мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың үйіне барып көрсетілді.
8,5 млн мемлекеттік қызмет өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы көрсетілді.
482 201 мемқызмет Мобильді ХҚКО арқылы шалғай елді-мекендердің тұрғындарына көрсетілді.
4,0 млн ЭЦҚ берілді.
1,5 млн қызмет көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін беру бойынша (Мамандандырылған ХҚКО) көрсетілді.