Кездесубарысында Мемлекет басшысына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдау аясында қойылған міндеттердің іске асырылу барысы жөнінде мәлімделді.
Елбасы инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, сондай-ақ бұл үрдіске «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылардың креативті әлеуетін пайдалану қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латын қарпіне көшіру мәселесіне тоқталып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтты.
– Халқымыз үшін латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні зор. Сонымен бірге, қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Парламент пен Үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша азаматтардың құқығын шектеуге болмайды. Бұл ретте ілеспе аударма жасау мүмкіндігі бар, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы латын қарпіне кезең-кезеңмен көшудің маңыздылығын айтып, қазақ тілін үйрету әдістемелерін жетілдіру мәселелерін жан-жақты зерттеуді тапсырды.
Бұдан бөлек, Елбасы киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттігін арттыру мәселелеріне назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің телеарналарындағы сериялық өнімдердің сапасын арттыру қажеттігіне тоқталып, масс-медиа жастарға патриоттық тәрбие беру ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесу барысында Дәурен Абаев Қазақстан Президентіне «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жоспары туралы баяндап, оның басым бағыттарын түсіндіруге байланысты шаралар жөнінде мәлімет берді.
– Біз «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастырудамыз. Жалпы, бағдарлама аясында 120 бірлескен іс-шара көзделген, оның жиырмасы биыл орындалатын болады, – деді Ақпарат және коммуникациялар министрі.
Сондай-ақ, Д.Абаев Нұрсұлтан Назарбаевқа «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешені инфрақұрылымының базасында құрылған «Astana Hub» халықаралық технопаркі жұмысының басталғанын мәлімдеді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.