Қазақстандық ІТ-компаниялар мен қырғызстандық «Кыргызтелеком» ААҚ және «Элтекс Алатау» ЖШС ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. 2018 жылғы 21-22 маусым аралығында Бішкек қаласында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және Қырғыз Республикасының «ТазаКоом» Ұлттық цифрлық трансформациялау бағдарламасы аясында қазақстандық және қырғыз тараптарының кездесуі өтті. Кездесу Қырғыз Республикасының Бірінші Вице-Премьер-министрі К.А.Боранов пен Қазақстан Республикасы Премьер–Министрінің орынбасары А.Қ. Жұмағалиевтің қатысумен өтті. Қазақстандық делегацияның құрамында Қазақстанның 29 АТ-компаниясының, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің, «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ-ның өкілдері бар. Аталған екікүндік кездесу кезінде «Таза Коом» Ұлттық цифрлық трансформацифлау бағдарламасы таныстырылды.
Сондай-ақ ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова қатысушылар назарына Astana Hub Мемлекеттік технопаркінің тұғырнамасымен таныстырды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары А.Жұмағалиев Astana Hub әлем компанияларына бірігіп жұмыс жасауға ашық екенін айтып, қырғыз елінің компанияларын ағымдағы жылдың 3-4 шілде күндері елордада өтетін АТ-көрмесіне шақырды. Сондай-ақ кездесу барысында Қазақстан Республикасының «Электрондық үкімет» жобалары талқыланып, «Үлкен деректер» модельдерін, бұлттық технологияларды, АКТ секторындағы мемлекетті жекеменшік серіктестік механизмдерін, электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесін енгізуді іске асыру бойынша тәжірибе алмасу жолдары қарастырылды.
Панельдік кездесулер мен сессияларға АТ-компаниялар екі күн ішінде өздерінің дайын АТ-шешімдерін (80-нен астам жоба) Қырғыз Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарына көрсетіп, таныстырды. Іс-шара нәтижесі бойынша, тараптар «Цифрлық Қазақстан» және «Таза Коом» мемлекеттік цифрландыру бағдарламаларының аясында және жобаларды енгізу және дамыту бағытында байланыстарды жақсарту және өзара қатынастарды нығайтуға келісті