2019 жылғы 14 наурызда Байқоңыр ғарыш айлағында "Союз МС-12" ТБК іске қосу науқаны барысында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің және "Роскосмос" корпорациясының Бас директоры Дмитрий Рогозиннің басшылығымен делегациялардың жұмыс кездесуі өтті.
Келіссөздерге сондай-ақ Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К.Д. Бусыгин және Қызылорда облысының әкімі Қ.Е. Көшербаев қатысты.
Кездесуде "Байқоңыр" кешеніндегі және жалпы ғарыш саласындағы ынтымақтастыққа арналған кең ауқымды мәселелер қаралды.
Атап айтқанда, тараптар "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру жөніндегі жобаны іске асыру бойынша жұмыстардың барысын талқылады және 2022 жылы оның ұшу сынақтарына шығатын одан әрі бірлескен іс-қимыл тәртібін келісті. Тараптардың назары жобаның коммерциялық тартымдылығын қамтамасыз етудің маңыздылығына да аударылды.
Кездесуде сондай-ақ тараптар мүддесінде одан әрі пайдалану мақсатында Гагарин стартын жаңғырту жобасын БАӘ-мен бірлесіп үш жақты іске асыру, One Web бағдарламасы бойынша іске қосу қызметтерін іске асыруда Ресей мен Қазақстанның мүдделі мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өзара іс-қимылы мәселелері қаралды.
Кездесу барысында делегациялар Байқоңыр қаласының даму перспективасы мен проблемалық мәселелерін шешуге, оның тұрғындарының лайықты тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік-саяси жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен шараларды талқылады. Атап айтқанда, бизнесті дамыту, халықтың жұмыспен қамтылуы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін "Байқоңыр" еркін экономикалық аймағын (ЕЭА) құру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.
Делегация басшылары "Байқоңыр" кешені жөніндегі Ресей-Қазақстан үкіметаралық комиссиясы қызметінің тиімділігін жоғары бағалады және ағымдағы жылдың сәуір айында Мәскеуде оның алтыншы отырысын өткізу туралы алдын ала келісімге қол жеткізді.