Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі IT-стартаптардың ең ірі халықаралық технопаркі Astana Hub-тың жұмысымен танысты. Бір жыл бұрын ашылған технопарк толық қуатында жұмыс істейді және оның қатысушылары 17 миллиар теңге инвестиция тартқан.
Инвесторларды қызықтырған жобалар – Clockster (қызметкерлердің жұмысқа келуі мен кетуін тіркейтін зияткерлік жүйе), Tastamat (пошталық сәлемдемелерді алуға арналған жетілдірілген мобильді постаматтар), INUI Software (халықаралық киберспорттық платформа) және басқалары.
Мемлекет басшысына технопарктің тегін білім беру бағдарламалары: стартап мектебі, трекерлер, инкубация және акселерация және т.б. туралы, сондай-ақ, Astana Hub-тың барлық қатысушылары салықтан босатылғаны және компанияларға шетелдік қызметкерлерді тарту үшін жұмыс визасын алудың жеңілдетілген тәртібін қолдануға мүмкіндік берілгені айтылды. Бүгінде технопаркте 690 стартап өз бастамасын сәтті жүзеге асырған және акселерациялық бағдарламалардың қатысушылары 1182 жұмыс орнын ашқан.
2018 жылдың 6 қарашасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған Astana Hub технопаркі әлемнің түкпір-түкпірінен жас және талантты IT-мамандарды тартуға, серпінді IT-компанияларды құруға қабілетті Қазақстанның инновациялық экожүйесінің өзегі мен локомотивіне айналуы тиіс. Бүгінде Astana Hub технопаркі Huawei, CISCO, IBM, Юнисеф, KPMG сияқты әлемдік компаниялардың инновациялық зертханалары жұмыс істейтін алаңға айналды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы "Digital Centre" цифрлық ХҚКО қызметімен танысты. Президентке Мемлекеттік қызметтерді онлайн көрсетудегі электрондық жаңалықтар, eGov mobile жаңа мобильді қосымшасы таныстырылды. Елімізде осындай 18цифрлық ХҚКО-ның жұмыс істейтінін айтып өткен жөн.
Сондай-ақ, Президент бүгін елдің цифрлық экономикасы үшін кадрлар даярлаумен айналысатын IT University мен alem бағдарламалау мектебінде болды.\
источник: mdai.gov.kz