ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) "ҰАТ" АҚ, Мемлекеттік техникалық қызмет және байланыс операторларымен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілерді ақпараттықжүйелерге: электрондық пошта мен электронды құжат айналымына қашықтан қосу үшін тиісті техникалық шешімді іске асырды. Бұл мемлекеттік қызметшілерге үйде отырып,электронды құжат айналымы жүйесіне келіп түскен хат-хабармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Бұл шара ҚР Президентінің елдегі төтенше жағдай кезінде мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы барлық қызметкерлердің 70%-ын қашықтан жұмыс істеуге көшіру туралы тапсырмасын орындау мақсатында қабылданды.
ЦДИАӨМ-нің 150-ден астам қызметкері қажетті ақпараттық жүйелерге, атап айтқанда электронды пошта мен құжат айналымына қосылу арқылы қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, барлық мемлекеттік орган қызметкерлерін өз органдарының ақпараттық жүйесіне қашықтан қосу жұмыстары басталды. Жұмыс кезең- кезеңмен жүргізіледі. Дәл қазіргі уақытта энергетика, экология, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері ақпараттық жүйелерге қосылуда. Бұл жұмыстың нәтижесінде таяуда 30 000-нан астам мемлекеттік қызметші үйден жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Бұл мүмкіндікті ұсыну үшін байланыс операторлары қашықтан қосылу орындарында байланыс арналарының параметрлерін ескере отырып, қажетті инфрақұрылымды дайындады. Мемлекеттік қызметшілерді құжат айналымы жүйесіне қашықтықтан қосуды ұйымдастыру үшін электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі платформасынан бұлтты технологияларға көшу жүзеге асырылады.